Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

ИМАНТАУДА ЖЕЛКЕНДI ҚАЙЫҚ СПОРТЫ ДАМУДА

ИМАНТАУДА ЖЕЛКЕНДI ҚАЙЫҚ СПОРТЫ ДАМУДА

Өткен аптаның соңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен ауданымызда болып, Шалқар және Имантау көлдерінің жағасында орналасқан демалыс орындарының жағдайымен танысып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен алдағы міндеттерді талқылады.

Ең алдымен облыс басшысы Лобаново ауылдық округіндегі  «Ключи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында болды. Серіктестік басшысы Риза Жүсіповтің айтуынша биылғы жылы серіктестік 1800 гектар алқапқа рапс отырғызған (былтырғы жылмен салыстырғанда егістік алқабы 3 есеге ұлғайған). Сонымен қатар аталмыш шаруашылық 2962 гектарға бидай, 900 гектар алқапқа арпа, 170 гектраға сұлы және 1000 гектарға жасымық отырғызған.    Шаруашылық басшысы Риза Дәуітұлы өнім шығымдылығын арттыру үшін алқапта тиісті жұмыстар атқарылғанын, минералды тыңайтқыштар қолданылғанын жеткізді. Өңір басшысы алқап басында аудан аграрийлерімен кездесуінде  жаңа техникалар сатып алуға, еңбеккерлердің жалақысын көбейтуге кеңес берді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов майлы дақылдар алқабын кеңейту қажеттігін де тілге тиек етіп, еңбек өнімділігін арттыру үшін жұмыс күші көп өңірлерден мамандар тарту жайын қозғады.

– Ауыл шаруашылығы құрылымдары озық үлгідегі техникалармен жұмыс істеуі керек. Мемлекет жаңа техниканы сатып алу үшін 25 пайызға дейін демеуқаржы беруді көздеп отыр. Осындай қолдаулардың арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруы тиіс. Сондықтан ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына артылған жауапкершілік зор, – деді Құмар Ақсақалов.

Күзде мол өнім алуды көздеп отырған диқандар тарапынан сөз алған «Фирма Бабық-Бұрлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың директоры Сейілбек Махметов  мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың зор екенін тілге тиек етіп, өңір басшысына ризашылықтарын жеткізді.

Шалқар көлінің жағасында орналасқан «Тұрпан» демалыс орнына ат басын тіреген облыс басшысы Құмар Іргебайұлы маусым айының басында болған жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың орындалуы жайында сұрап біліп, аталмыш демалыс қызмет сапасын көтеруге кеңес берді.

«Тұрпан» демалыс базасында жиырма шақты жазғы үй бар және демалушылар үшін арнайы палаткалар да қарастырылған. Демалыс күндері келушілер саны күрт артады.

– Табиғаты сұлу Шалқар мен Имантау көлдерінің демалыс орындарына келген демалушыларға барлық жағдайлар жасалуы тиіс. Көпшілік үшін бұл орындар қолжетімді болуы керек. Сервистік қызмет те оң жолға қойылуы тиіс. Экологиялық туризмді дамыту үшін қауіпсіздік қатаң ескеріліп, тазалық сақталғаны жөн. Көлік тұрағын да кеңейту қажет, – дей келе, Құмар Іргебайұлы келушілер үшін қолжетімді жазғы палаткалар санын көбейтуді, демалыс орындарына апаратын жолдар қалыпқа келтіріліп, интернетте базалар туралы толық мағлұмат көрсетілуі керек екенін айтты.

«Олимпиец» демалыс базасында облыс әкімі аймақтағы демалыс орындарының басшыларымен кездесіп, алдағы жоспарларын тыңдады. «Изумрудное» демалыс базасының басшысы Александр Воронов Шалқар көлінің жағасында 80 орындық демалыс кешенінің құрылысының жағдайымен және екі қабатты қонақүй салу жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар басқа да демалыс орындарының басшылары ауданда туризмді дамыту жөніндегі жоспарларын ортаға салды.

Жеке кәсiпкер Жанат Омар Имантау көлiнде желкендi қайық клубының ашылғаны жайында айтты. Бизнесменнiң айтуынша, жастардың арасында бұл спорт түрi үлкен сұранысқа ие.

«Қазiр бiздiң клубта 3 желкенді қайық бар. Тағы бiреуiн алуы үшiн грантқа тапсырыс бердiк. Жастар бұл спортқа қызығушылық танытуда. Бiз оларға үйретемiз, кейiн Түркияға барып шкипер куәлiгiн ала алады», — дейдi Жанат Омар.

Құмар Ақсақалов жас бизнесменнiң бастамасына қолдау бiлдiрдi. Өңiр басшысы желкендi қайық спортын Пестрое көлiнде де дамыту туралы ұсыныс тастады.

«Петропавлдағы Пестрое көлiнде желкендi қайық спортын дамытуға кеңес беремiн. Бұл көлде әрдайым жел тұрады. Ciздерге «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грант алуға мүмкiндiк бар. Осы қаржыға желкендi қайық сатып алыңыздар. Қазiр Пестрое көлi абаттандырылып жатыр. Сол жерге қайықты жiберу керек. Жастар көптеп айналыссын, әдемi спорт түрi ғой», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.

Желкендi қайық клубының басшысы Жанат Омар облыс әкiмiнiң ұсынысын қолдап, жақында Петропавл қаласы маңындағы Пестрое көлінде де желкенді қайық спортының дамитынын жеткізді.

Кездесуде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Айыртауда туризм кластерін дамытуға ерекше басымдық берілгенін, демалыс орындарының басшыларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, демалыс орындарының инфрақұрылымы талапқа сай болуы тиіс екенін қадап айтты.

– Айыртау – туристік әлеуеті зор аудан. Демалыс орындарында тазалық пен адамдардың қауіпсіздігін сақтай алмасақ, ешкім де мұнда келмейді. Қоғамдық жерде тәртіп қатаң сақталуы үшін күзет болуы тиіс. Сондықтан әлі де атқаратын шаруа аз емес, – дей келе өңір басшысы жолдарды жөндеу де өзекті мәселе екеніне тоқталып, мемлекеттен тиісті қаржы бөлінгенін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Имантау ауылына барар жолдың бойындағы егістік алқабында ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен тағы да кездесіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуы жайында ой бөлісті.

Сонан соң Имантау ауылына ат басын бұрған өңір басшысы Оңтүстік Қазақстанның  Сарыағаш ауданынан осы жылдың мамыр айында арнайы бағдарлама арқылы көшіп келген ерлі-зайыпты Бердібек пен Гүлсара Төлегеновтердің (суретте) де отбасында болды.

Үш немересімен келген отанасы Гүлсара немерелерінің биылғы жаңа оқу жылын осы ауылда бастайтынын айтты. Сондай-ақ, оңтүстікте қалған балалары да арнайы бағдарлама арқылы теріскейге қоныс аудармақшы. Егде жасқа келіп, еңбектен қол үзбеген отағасы Бердібек Төлегенов келісімен картоп егіп, бау-бақшамен де айналысуда. Қазіргі уақытта біршама құс өсіріп отырған отбасы алдағы уақытта жер телімін ұлғайтып, көкөніс өсіруді де жоспарлап отыр.

басқа жаңалықтар