Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

ІРІ ҚАРА ӨСІРУ – ІРГЕЛІ ШАРУА немесе шалғайдағы шаруаның жайы

ІРІ ҚАРА ӨСІРУ – ІРГЕЛІ ШАРУА  немесе шалғайдағы шаруаның жайы

Ел экономикасын алға сүйрейтін ауыл шаруашылығы саласының иығына артылатын жүк ауыр. Сондықтан да өңірімізде агроөнеркәсіптің салмағын көтеретін мал шаруашылығында жайылымдық жерді мақсатты әрі тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Жайылымның ыңғайына қарай жайлаудан күздеуге, одан қыстауға көшкен ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесінен тағылым алар тұсымыз көп. Дегенмен, төрт түлік малдың қамын қүйттеп, күтімі мен бабын таба білетін шаруаның қатары сиреген.

«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай.

Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтереліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікді ауылдықтар да мүлт жібермеуге тырысады. Біреу мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін шаруалардың шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады. Түрлі жеңілдікті жөнімен пайдаланып, кәсібін өркендетіп жүрген шаруа қожалықтарының бірі – Константиновка ауылдық округіне қарасты Құспек ауылындағы Ризван Джукалаев жетекшілік ететін «Терек» фермерлік шарушылығы. Құспек ауылының аумағында орналасқан шаруашылық ісін 1997 жылдары бастапты.

Ең алдымен ол өзінің шағын малдарымен шаруашылығын дөңгелетіп, қазіргі кезде мүйізді ірі қара, қой, жылқы өсіретін шаруа қожалығы егін егумен де айналысады. Мал басы төлі есебінен көбейген жеке игіліктің тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек болады. Бүгінгі таңда мал қыстату науқанына қызу кірісіп кеткен олар жауапты кезеңнен сыр бермей шығуды мақсат тұтқан. Азынаған саршұнақ аяздың қамын жайдары жазда күйттеген Джукалаевтар әулеті бұл тұрғыда барынша ыждағаттылық танытуда.

Кәсіпкер Ризван Жарапұлы қай шаруаның да ебін таба біледі. Ол  сол үшін де мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысады. «Қазір өз ісін ашамын деген адамға мүмкіндік мол. Тек тәуекел ғана керек. Алғашқы жылдарда шаруашылық құрғанымда, өзімнің малдарымды отбасымызбен бақтық. Әрине, елімізде кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән беріледі. Мал санын көбейтіп, асылдандыруға бағытталған түрлі бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр. Осы мемлекеттік бағдарламалардың кәсіпті ірілендіруде тиімділігі зор. Осы бағдарламалардың бірінен тысқары қалмай, тәуекелге бел будым, нәтижесін көріп отырсыздар», — деген кәсіпкерді біз шаруашылық базасында жолықтырдық.

Ризван Джукалаев Шымкент қаласының тумасы. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын құрылысшы мамандығы бойынша тәмамадаған жас маман «Ақан» кеңшарында бас прораб болып еңбек жолын бастайды. Еңбек ете жүріп, сырттай оқу арқылы қосымша экономист, юрист мамандықтарын да игереді.

Отбасында Ризван Жарапұлы 3 ұл мен бір қыздың әкесі. Үлкен ұлы Мұхаммед әкесіне қамқор болып, негізінен шаруашылықтың басқару жұмыстарына жауапты болса, кіші ұлы Арби шаруашылықтың экономика және қаржы салысына басшылық жасайды. Ал ортаншы ұлы Сұлтан (мамандығы бойынша тіс дәрігері) Оңтүстік Кореяда қызмет істейді. Кіші қызы Шешен Республикасында тұрмыста.

Істің ебін білетін шаруа мал азығын дайындайтын техниканы сақадай сай етіп қойған. Мемлекеттік субсидияның арқасында екі жаңа комбайн, екі жаңа жатка, МТЗ маркалы 3 жаңа трактор, 2 шөп шабатын шалғы, сығымдап шөп жинайтын 2 жаңа құрал, бір тырнауыш сатып алған. Сонымен қоса мемлекеттік субсидия арқылы 2 су ұңғымасын да қазыпты.

Өз күшіне, біліміне сенген ол қолға алған ісін дөңгелентіп келеді. Әрине, жоғары білімді құрылысшы, экономист болғандықтан шығар, кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгерсе керек, «шығынға батып, зиянға қалған жоқпыз» деп күлімсірейді.

— Жұмыс жасасаң, қиындық болады. Сол қиындықтарды жеңудің жолын тапқан адамның ісі оңынан туады. Сондықтан, еңбектеніп, жұмыс жасау керек қой, - деген төрт баланың әкесі бастапқыда бұл шаруашылықты  сүтті бағыттағы сиырларды көбейту мақсатында ашқанын, ал қазір мемлекеттік бағдарламаның ықпалымен кәсібін кеңейтіп, мұнда етті бағыттағы ірі қаралардың бағылатынын сөз етті.

Бүгінгі күні «Терек» фермерлік шаруа-шылығында 200-ден астам сүтті және етті бағыттағы ірі қара жайылымда жүр.

«Қарамағымызда 1100 гектар жайы-лымдық жеріміз бар.  Шөпті өзіміз шабамыз. Әзірге малды жайып бағуға мүмкіндік те бар», - дейді ол. 

Шаруашылықта сауылған сүт Көк-шетау қаласының «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Саумалкөлдегі филиалына тапсырылады. «Іс талапқа сәйкес болуы керек. Сондықтан сүт тапсыру үшін де арнайы техникаларымыз бар. Сүт салқындататын құрылғы-ны да алып қойдық. Жаз айларында күніне 1,5 тоннаға дейін сүт тапсырсақ, ал қазір сүттің көлемі азайды ғой, күн сайын 700-750 литр сүт өткізіп отырмыз. Сиырлар арнайы аппаратпен сауылады. Сауыншылар жеткілікті», - дейді Р.Джукалаев.

— Қарамағымда 20 шақты жұмысшы бар, бақташылар жеткілікті. Күзгі орақ және көктемгі егістік науқанында 12 адамға дейін жалдамалы жұмысшылыр жұмыс істесе, мал шаруашылығында 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар шаруашылықта 3 сауыншы қысы-жазы еңбек етеді.  Механизаторлар мен малшыларға да тұрақты еңбекақы төлеймін, - деген Ризван Жарапұлы шаруашылықта биылғы мал азығы жеткілікті көлемде дайындалғанын айтады.

Қыстан қысылмай шығу үшін азық қоры да жеткілікті мөлшерде дайындалған. Сонымен қатар шаруашылық 750 тоннадан астам мал азығы ретінде қысқы сенажды да бастырып алған. Жем азықтары да жеткілікті. Қазір шаруашылықта 3 мыңға тарта рулон шөп үйілген.

Шаруашылық басында малшылар мен сауыншыларға да жағдай жасалған, олар үшін әр мал қорасынан арнайы жылы бөлмелер қарастырылған.

Қазір шаруашылық базасында құрылыс қарқын алған. Екі мал қорасының төбелері қайта жабылып жаңартылған болса, бір мал қорасына іргетасы қайта қаланып, төбесі жабылған.

Мал қораларында автоматтандыру жүйесі де іске қосылған, яғни малдың көңі сыртқа автоматты әдіспен шығарылады. Бұдан бөлек, сүт құбыры құрылысы да жүргізілуде.

— Қазіргі уақытта бұл жерде автоматтандырылған жүйе іске қосылды, яғни мал көңі сыртқа автоматтандырылған тәсілде шығарылады. Оның үстіне, малға жем беру ісі де автоматты жағдайда басқарылады. Шаруашылықта сүтті де сауу автоматты түрде жүзеге асады, — деген кәсіпкер іргелі құрылыспен қатар келер жылдарда сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорынының іске асатынын да айтты.

«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Терек» фермерлік шаруашылығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.

басқа жаңалықтар