Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

АРМАНЫ АСҚАҚ ТҮЛЕКТЕР

АРМАНЫ АСҚАҚ ТҮЛЕКТЕР

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Жыл бойы білім нәрімен сусындаған оқушылар соңғы қоңырау үнін есту үшін білім ордасына жиналды. Осы бір көңіл толқытар сәтті әрбір түлектің асыға күтетіні де сөзсіз.

25 мамыр күні Саумалкөл қазақ орта мектебінде де соңғы қоңырау салтанаты өтті.

Биылғы жылы аталмыш білім ордасын ---- оқушы аяқтаса, оның 63-і – оқу озаттары, ал 183-і – оқу екпінділері. Ал 40 түлек – бір-бір үйдің үкілі үміті үлкен өмірге аттағалы отыр. Ал сол түлектердің 2-уі «Алтын белгіге» үміткер болса, 1-уі үздік аттестатқа үміткер.

Салтанатты шараны аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, «Зерде», «Нұрлы көжек» зерттеу жұмыстарының, Абай, Шәкәрім, Мағжан оқуларының жүлдегерлері, халықаралық интеллектуалды «Ақбота», «Кенгуру», «ПОНИ» сайыстарының жеңімпаздары, мектепті үздік бағамен аяқтап отырған 63 оқушының шеруімен басталса, алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп бітіруші 40 түлектің шеруімен жалғасты. Мектеп түлектері арасынан облыстық, республикалық түрлі жарыстарда жүлделі биік белестерден көрінген оқушыларды да жүргізуші мақтанышпен атап өтті.

Салтанатты жиында мектеп директоры Меңдігүл Олжабаева 2017-2018 оқу жылы түлектерінің мектеп бітіру салтанатының еліміздегі тарихи оқиға - Астана қаласының 20 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келгендігін айтты. Тәуелсіз мемлекетіміз ары қарай дамып, өркендеуі үшін білімді, денсаулығы мықты, үш тілді терең меңгерген жастар көп болса, сол мемлекеттің болашағы жарқын болатындығын айта келе, Елбасының білім саласына айрықша көңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқандығын жеткізді. Мектеп бітірушілерді алдағы мемлекеттік емтихан мен Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұрғандығына тоқталған Меңдігүл Олжабайқызы түлектер ұстаздардың берген білімдерінің арқасында ол сыннан сүрінбей өтетіндігіне сенім білдіре келе, педагогтарды, ата-аналар мен оқушыларды мерекемен құттықтап, түлектерге ақ жол тіледі.
    Астананың  20 жылдығына арналған «Ел жүрегі - Астана» тақырыбында ұйымдастырылған шара барысына қатысқа аудандық мәслихаттың хатшысы Берік Жанахметов те барлық оқушылар мен ұстаздар қауымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мектеп бітіруші түлектердің алдағы өмір жолдарына сәттілік тіледі.

Оқу жылының аяқталу салтанатында мектеп басшысы жыл бойы сыныпты үздік аяқтаған оқушыларды арнайы мақтау қағаздарымен және түрлі аталымдар бойынша білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болған оқушыларды дипломдармен марапаттады. Сонымен қатар мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқан және салауатты өмір салтын насихаттау барысында түрлі спорт ойындарының жеңімпаздары да назардан тыс қалмады.

Ата-аналар атынан сөз алған Әскер Жұманов та мектеп оқушыларын биылғы оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына алғысын білдірді.

Соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырын соғу құрметіне облыстық «РОБО ЭКСПО-2017» сайысының жеңімпазы, аудандық Мағжан, Абай оқуларының ІІ орын иегері, жайдарман «Сәбіз» командасының бел мүшесі Алтынбек Арапов, Испанияның Кадис қаласының Академия «Nexstars» футбол клубы ойыншыларының үздік ойыншысы қатарына өткен Темірлан Әскеров, облыстық суреттер сайысының және аудандық пән олимпиадаларының жеңімпазы Арна Жахина, аудандық пән олимпиадаларының жеңімпазы Әйгерім Ағзамова және 1 сыныптың үздік оқушылары Қайрөшев Даниал, Ержанова Жансұлу, Қуанышұлы Мұхамедкәрім және Қалымова Айланалар ие болды.

Қияға қанат қаққалы отырған түлектердің жанарына жас алдырды. Көңілдері толқып, бойларын қимастық сезім билеген бозбала мен бойжеткендер алғаш әріп танытқан, бойларына жақсылықты дарытқан ұстаздарына деген жүрекжарды лебіздерін әнмен жеткізіп, гүл шоқтарын табыстады. Соңғы қоңырау салтанатында түлектер қоштасу вальсін билеп, аспан төріне шарлар ұшырылды. 

Мектеп ұжымы мен мектеп бітіруші түлектер салтанатты шараны өткізуге демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкер Сатыбалды Анашевқа шексіз алғыстарын білдіреді.

басқа жаңалықтар