Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ ЖАС ТҮЛЕКТЕР

ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ ЖАС ТҮЛЕКТЕР

Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап, үлкен білім ордасын аяқтаған тағы да бір жас толқын үлкен өмірге қанат қақты.

Маусымның 15-і күні орталық алаңда аудан орталығының мектеп бітіруші түлектеріне орта мектепті бітіргендігі туралы салтанатты аттестат табыстау рәсімі өтті. Салтанатты кешке аудан орталығындағы мектеп директорлары, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары және ұстаздары қатынасты. 

Мектеп  басшылары мен сынып жетекшілерінің бастауымен сәнді киінген 118 түлек салтанатты түрде көпшіліктің қолдауымен төрге озды.

Жүздерінен бал-бұл жанған қуанышты сезімдері алау атып тұрған түлектерді аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Әбілқайырова құттықтап, алдымен «Алтын белгі» иегерлері Саумалкөл қазақ орта мектебінің түлектері Айгерім Ағзамова мен Әсем Баймұқанова, Саумалкөл №2 мектеп-гимназиясының оқушылары Гүлназ Ботиева, Алина Имамбекова, Ілияс Ілияшев, Сабина Сәдуақасоваларға «Алтын белгі» төсбелгісі мен аттестаттарын табыс етті.

Сондай-ақ Саумалкөл қазақ орта мектебінің оқушысы Алтынбек Арапов пен Саумалкөл №1 орта мектебінің оқушысы Оксана Мусиенколарға үздік үлгідегі аттестат табысталды.

Одан кейін мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, аттестат тапсыру үшін ортаға мектеп директорлары шақырылды. Саумалкөл қазақ орта мектебінің директоры Меңдігүл Олжабаеваның ұстаздық лебізін №1 Саумалкөл орта мектебінің директоры Мырзабай Туралинов және № 2 Саумалкөл мектеп-гимназияның директоры Раушан Тілеубаевалар жалғастырды.

Ботиева Дианара ата-аналар атынан ұстаздар қауымына алғыс айта келіп, мектеп бітірушілерге еліміздің мақтан тұтар азаматтары болыңдар деген ыстық лебізін білдірді.

Ұстаздар атынан сөз алған №1 Саумалкөл орта мектебінің мұғалімі Надежда Нестветеева  түлектерге жүрекжарды лебізін арнады.

Саумалкөл қазақ орта мектебінің түлегі, оқу үздігі, Арапов Алтынбек  мектеп бітіруші түлектер атынан  барлық ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтып, олардың артқан сенімдерін ақтауға тырысатындықтарын жеткізді.

Қалыптасқан игі дәстүр бойынша мектеп бітірушілер вальс билеген соң, қолдарындағы шарларын әуеге ұшырды.

басқа жаңалықтар